"Мен өз елімнің патриотымын!" мерекелік іс-шара
22.10.2026
Тақырыбы: «Мен өз елімнің патриотымын!»
Қатысушылар: «Мұрагер» және «Дәстүр» мектепалды топтарының тәрбиеленушілері.
Мақсаты: Балалардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру, туған елін, жерін, мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу. Қазақстан Республикасының тарихы, мәдениеті мен ұлттық құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын, Отанын мақтан тұтатын ұрпақ тәрбиелеу.
Іс-шараның өту барысы: Отан – әр адамның жүрегіне жақын, ең қымбат мекені. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге деген құрмет бала бойына кішкентай кезінен қалыптасады. Осы мақсатта «Мұрагер» және «Дәстүр» мектепалды топтарының тәрбиеленушілерімен «Мен өз елімнің патриотымын!» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Балалар Әнұранды ерекше мақтанышпен, зор құрметпен орындап, Отанға деген сүйіспеншіліктерін көрсетті. Іс-шара барысында тәрбиеленушілер туған жер, Отан, бейбітшілік, тәуелсіздік туралы өлең шумақтарын мәнерлеп оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Балалардың әрбір өлең жолынан туған елге деген ыстық ықылас пен шынайы патриоттық сезім байқалды. Мерекенің ерекше әсерлі сәттерінің бірі – «Жаңа Қазақстан» атты көрініс болды. Көрініс арқылы балалар еліміздің жарқын болашағын, бірлік пен татулықтың маңыздылығын, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін бейнеледі. Жас бүлдіршіндер өздерін еліміздің болашағы екенін сезініп, өнерлерімен көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, бүлдіршіндер ұлттық өнерімізді дәріптейтін «Домбыра» биін орындады. Әсем әуен мен үйлесімді қимылдар арқылы халқымыздың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүріне деген құрметтерін көрсетті. Мерекелік бағдарлама «Елімізде тыныш» әнімен жалғасты. Балалар ән арқылы еліміздегі бейбіт өмірді, достық пен татулықты, тыныштықтың қадірін жеткізді. Әннің мазмұны бүлдіршіндердің жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілік пен ел тыныштығына деген ізгі тілектерді ұялатты. Іс-шара барысында балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында патриоттық және ұлттық бағыттағы түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылды. Ойындар арқылы тәрбиеленушілер өздерінің шапшаңдықтарын, тапқырлықтарын, ұйымшылдықтарын көрсетіп, бір-біріне қолдау білдірді.
